ӘСІРЕ ДІНШІЛДІКТІҢ ӘЛЕГІ НЕДЕН?
ӘСІРЕ ДІНШІЛДІКТІҢ ӘЛЕГІ НЕДЕН?

Расында, ислам – Жаратушы тарапынан жіберілген кемел де кең дін, қияметке дейін қошталған, қабыл етілген дін. Содан болар исламды жақынырақ танып, оның тазалығына, ақиқатының анықтылығына көз жеткізген сайын тұтас өміріңді исламмен сәйкестендіре бастайсың. Діні мен дәстүрін егіз еткен кешегі бабаларымыз да исламмен үндес өмір сүрді, мұсылманшылықты мойындап, түйткілдерін шариғат шеңберінде шешіп отырды. Алайда әсіре діншілдікке салынып, ессіз қылыққа ешқашан жол берген емес. Ал бүгінгілер ше? Көпке топырақ шашпаймын әрине, десе де, дінді ұстанамын деп жүріп дінмен үркітіп алған кейбір бауырларымызды, әпке-қарындастарымызды асыра сілтеушілік әрекеттерге апарған не?

Әрбір қандас, қарагөз бауырына жанашырлықпен қарайтын, қоғамның тұтастығын, елінің амандығын қалайтын жас ретінде бұл сұрақтардың мені де жиі мазалайтындығы рас. Сондықтан, адамдардың, оның ішінде өзім қатарлы албырттығы бар, ақылы мен ашуы, аптығуы да бірге жүретін жастардың дінге жаңадан бет бұрған кездегі іс-әрекеттерін сырттай бақылай жүріп, олардың бойындағы мен байқаған бірқатар қателіктерімен, түйген ойыммен бөліскенді жөн көрдім.  

 

Мұсылман болу әсте-әсте...

Сірә, адам тумысынан кемелділікке ұмтылады. Сол әдетімен діннің де барлық үкімдерін ерекше ықыласпен, мүлтіксіз орындауға тырысып бағады. Өзінің күні кеше ғана сәждеге бас қойғандығына қарамастан, енді жанұясының, жақындарының да өзі жүрген жолға тезірек түскенін қалайды. Ақиқатты тани салысымен, «анау – адасқан», «мынау – мұсылман емес» деп әркімге айып таға бастайды. Бір кездері білместікпен өзі де жасаған іс-әрекеттерді бөгденің бойынан көре қалса, оған тура жол тілеп, кешіріммен қараудың орнына менменсіп қарайды. Бейнамаздың бәрін жау тұтып, «дінсізді» дінге келтірем деп дыздығады. Бірақ, дегені демде  болмай, дегбірі кеткен соң, туған жерінде дін ұстанудан тарлық көргендей, бақытын басқа елден іздеп кетеді. Мұсылман мемлекетінде тұруды аңсап, кемелділікке сонда қол жеткіземін деп құр қиялдың жетегіне ереді. Алайда, ақиқатында, барлық кемелділік кемшілік атаулыдан пәк Құдірет иесіне ғана жарасады емес пе?!

Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) заманында да намазды бөгде ойларға берілмей, бүтін оқимын дейтін кісі болса керек. Хадистің мағыналай келген мазмұны бойынша, бірде әлгі кісіні шақыртып алған Пайғамбарымыз оған ешбір бөгде ойсыз оқылған намазы үшін  екі шапанының бірін беретіндігін айтып, уәделеседі. Екі-үш мәрте намаз оқып, ақырында дүние ісіне көңілі ауланған әлгі кісіден «Намазыңды нендей ой бұзды?» деп сұрағанда, ол: «Пайғамбар екі шапанының қайсысын береді екен деп ойладым» - деген екен. Демек, құлшылықты мүлтіксіз орындау мүмкін емес, алайда тырысу – тақуалықтан.

 

Әдебі жоқтың – білімі жоқ...

 Әйгілі ғалым Мәлікті бала кезінде Алланың үйіне жетектеп алып келген анасының ұстазға нұсқап тұрып, ұлына: «Балам, бұл кісінің білімінен бұрын, әдебін үйрен» - деп айтуы әдепсіз ілімнің әлекке салатындығын айқын көрсетіп тұрғандай. Расында,  бүгінгі дінбұзар дүмшелердің дені білімді пәленшенің айтқан «пәтуасынан» алады, яғни өздіктерінен білім ізденіп, бас ауыртпайды. Сол себепті де дінді ұстануда көптеген қателіктерге жол береді, кейде туған-туыстармен, қоршаған ортамен мәміле жасауда да келеңсіздіктер кездесіп жатады. Егер адам тарихты ашып, исламды тануға тырысса, пайғамбар мен сахабалардың өмірбаяндарын оқыса, тығырықтан шығар жол да табылушы ма еді. Алланың қалауымен оқыған хадисіңіз дәл сіздің жағдайыңызға тура келгендей, түйткіліңіздің шешімін тауып беріп, тым болмаса сахабаның бір сөзі жаныңызға медет болар ма еді. Қайткенде де, ілімсіз ілгерілемейтіндігіміз хақ. Сондықтан адам әсіре діншілдікке әдебі жоқтығынан, яғни білімі жоқтығынан барады деуге әбден негіз бар.

Қит етсе, кешегі Кеңестік дәуірді кінәлап шығатын біздердің азаттық алғанымызға ширек ғасырдан асып барады. Алайда, баласына қырық парызды жаттатып, мұсылманшылыққа тәрбиелейтін ата-әжелер, аналар қазір жоқтың қасы. Мұсылманшылық деп міндетті құлшылық – намазды ғана меңзеп тұрғаным жоқ, баланың рухын тәрбиелеу, тәннен бөлек, жанына азық болар дүниелерге үйретіп, үйір етіп, бойына ізгіліктің дәнін себуді айтам және оны балаға өзге емес, өз ата-анасы берсе, ол да бір ғанибет. Бәлкім жеті жасында үйренуі тиіс исламның алғаш тармақтарын жиырма жасында ғана танып-білген жігіттің он үш жыл бойына рухани шөліркеп, «құрғап» қалған жүрегінің «ақиқаттың суын» сүзгіден өткізбей сіміріп салуы әсіре діншілдікке салынуына да себеп болған шығар, кім білсін...

 

 Индира ІЗБАСҚАН,

«Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің баспасөз хатшысы.

Indira IzbasqanIndira Izbasqan
8 лет назад 4712
3 комментария
О блоге
0
2141 4 20 7 5