"Қыз қылығы түзде"... болмасын
"Қыз қылығы түзде"... болмасын

Әлімсақтан исі мұсылман қазақ халқы қашан да ошақтың оң жағында өзіндік орны бар қаракөз қыздарын құрметтеп, тумасынан тұла бойына талдырмаштық пен тектілік, ұяңдылық ұят сынды қасиеттерді сіңіре өсірген. Дәл осындай текті бабасының тағылым, тәрбиесінің арқасында ардақты әке есімін абыроймен алып жүрген, ана ақылын орынды асыра білген, кішік болса да көрегенділігін көрсетіп, даналығымен даралана білген бірегей қазақ қыздарының ерек есімдері сонау қатпарлы тарих беттерінен де белгілі. Екі дүниенің сардары болған Пайғамбарымыздан (саллаллаһу əлейһи уəссалам) сүйіншілеген Исламдай ақиқат діннен берік ұстанған баһадүр бабаларымыздың әйел баласына қатысты әдебі мен «қызын қырық үйден тыйған» тәрбие үлгісі де Алла елшісінің (саллаллаһу əлейһи уəссалам) өнегелі өсиетімен тығыз ұштасса керек. Алтыннан артық бағалаған әпке-қарындастары мен жауһардай қыздарын сырт көздің сұқтануынан сақтап, ыржың-тыржың, бейберекет бос күлкіге әуес етпей, жақсыға жат, жағымсыз қылықтардан тосқан тыйымдарының түп негізі де ұғынған жанға ғибраты мол қайырлы хадистермен астарлас екендігі ақиқат. Әбу Хурайрадан Байхақи риуаят еткен Алла Елшісінің мына бір хадисінде: «Әйелдердің еркектерден артықшылығы - Алла оларды сезімтал етіп жаратқан (олар ер кісілерге қарағанда 99 есе сезімтал келеді). Дегенмен Алла оларды ұялшақ қылып жаратты» делінеді. Яғни, табиғаты нәзік, жаратылысы жұмсақ әйел затының әлемі де, әдебінің өзі де әдемі болуы керек емес пе еді? Себебі, әйел ол – ана, әйел ол –жар, әйел ол – бір ғана баланың емес, барша ұрпақтың тәрбиешісі, ұлттың ұйытқысы. 

Дейтұрғанменен, әлгінде ғана айтылған сол «әдемілікті» бүгінде тар түсінікке телмірген көпшілік сыртқы сұлбаның сұлулығымен ғана шектейді. Неге деуге бола ма, себебі ұяң мінезді (бәлки болуы тиіс) кей қаракөздердің бойынан ибалық пен инабаттылықтың ізі, ізгіліктің іреңі ұзап кеткен, шырайында ұяттың «қызылы» да қалмағандай, ал ұят жоқ жерде иман да ұзақ тұрмайды. Ел ағасы Ғабит Мүсіреповше айтсақ, «қыз мінезінде ұяңдық пен әдеп бір кездессе – бірін-бірі жасырыңқырап тұрады да, ашықтық пен абайсыздық кездессе – бірін-бірі асырыңқырап тұрады»...

...Өткен жылдың күз айларының бірінде жолдастарымыздың үйлену тойында болған оқиғаның еріксіз есіме түсе кеткені. Дүркірете өтіп жатқан тойдың қызған шағында жиынды басқарушы асаба жігіт әдеттегідей ойын ұйымдастырды. Бидің түбін түсіргіш қыз бен жігіт екеуінің ортаға шығып, есерлене би билеуін «ойын» дейтін болдық, одан қалса сол көрініске ішек-сілегіміз қатқанша мәз болып, күлеміз. «Бишілерге» сырттай қарап отырып, мұнысын қазақтың «Қара жорғасындай» би де дей алмадым. Көптің алдына шыққасын намысты қолдан бермеуге тырысқан олар шамасы келгенше «шапты» дейсің, әйтеуір, әуен таусылғанша қарсыласынан қалып қоймай, екі аяқ, екі қолды анда-мында сермеп, секіре берсе болғаны, бәз бір жарыса шапқан «жындылардың» жарысы дерсің. Билеріне баға бермек болып сынап отырғаным жоқ, келесідегідей көрініс көзіме ерсілеу көрінгесін ғана ішім күйіп айтып отырмын... Әдетте өзім мектеп қабырғасынан жиі ұшырасып жүрген, мамандығы – мұғалім, орта жастағы отбасылы келіншекті көзім шалды, ойынға орта тұсында ол да қосылды. Мұғалім де адам ғой, билегенінде еш әбестік жоқ, түсінемін. Бір ғана әттең-айы, оқушыларына «ұқыпты бол» деп тәртіпке үйреткен әлгі мұғалім бір кезде бөгде еркектің алдында бөксесін бұлаңдатқаны былай тұрсын, шашын шеңбердей айналдыра билей жөнелді. Бұл қылығына ұялып тұрған ол жоқ, ойынның әуелгі шарты бойынша ұтылып қалса да, сәлден соң «есемді қайтарамын» дегендей ентіге келіп, ойынға қайта қосылған ол ақыры «жеңді-ау». Болмысына қарап үлгі алатын, ұлағатынан ілім үйренетін мектептегі мұғалима апайымен бірге бір қуаныштың куәсі болған қаршадай ғана оқушы қыз да «анау мынау біздің апай ғой» деп жазбай танып жатты. Қарсылық білдіруге қауқары жетпеді ме, әлде жарының өзге еркекке етегін көрсете билеген биімен басқаларға шаң қақтырып кеткеніне шаттанды ма білмеймін, отағасының бұл оғаш қылыққа «қой» дегенін еш көрмедік. Топты жарған танысымның бойынан да қазақ қызына тән қырық қылықтың бірін де байқай алмадым, бәлки «ащы судан» артығымен алып қойған болар деп ақтаудан басқа амалым қалмады.

Пейіштен үмітті үмметін жаманнан жерітіп, жақсыға жол бастаған, қашан да ұятсыз істерден тыйып, нәпсі қалауына ерік бермеуге үндеген Пайғамбарымыз    арсыз қылық жайында және бір хадисінде: «Арсыз әйелдер көбейсе, арсыздық қоғамда кеңінен етек алса, бұрын соңды болмаған шипасыз аурулар пайда болады. Таразыда, өлшемде алдау көбейсе, күн көріс тапшылығы болады» дейді. Анығы астарланып айтылған дәнеңе де жоқ, ақылмен ұғынған жанға ақиқат біреу – адамдар арасындағы шектен тыс арсыздық пен айуандықтың артуы оларды айықпас дерттерге душар етіп, емі жоқ кеселдердің көбеюіне себеп болады. Яғни, адамға келер зұлымдық пен жасалар жамандық та адамның азғындалған арам ниетінің нәтижесі. Дінді апиынға балап, дінсіздікті дұрыс деп білген Кеңес үкіметінің «соқыр» саясатының салдарынан бүгінде ұрпағының тілі дүбәра, діні дүдәмалдау болуынан қорыққан кешегі қазақ зиялылары да халқының қарапайымдылық қасиетінен таймай, тәрбие діңгегі ата діннен ажырамағанын қалаған еді.

Жазық дала мен таулық жерлерді мекен еткен кешегі көшпенді халықтарды жаулап алу, тарих беттерінен түп-тамырымен жою жоспарын дайындаған белгілі генерал Ермолов өз жазбаларының бірінде былай дейді: «қандай да бір халықты жойып, көзін құрту үшін олардың әйелдерін азғындау керек. Себебі сөзі де, ойы да арам, азғын әйел нағыз ержүрек жауынгерлерді тәрбиелеп өсіре алмайды». Бұл дегеніңіз, тұтас бір ұлтты жою үшін жау шаптырып, жағадан алмай-ақ, ұрпағын өсіруші ұжданды аналарын ұяттан жұрдай етсең, соның өзі жетіп жатыр деген сөз.

Жүзінен ізгіліктің реңі сезілетін, еріне адал әйелді жарының жарты иманына пара-пар деген аса ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу əлейһи уəссалам) да күйеулеріне мойынұсынбаушы, кесір мінезді келіншектерге қарағанда жарымен жақсы қарым-қатынас жасайтын, абзал әйелдердің артықшылығы хақында мұсылманшылықтың алғашқы жылдарында-ақ айтып кеткенді. «Бұзақы əйелдің жаман іске баруы мың еркектің жаман іске баруымен тең. Бір əйелдің ізгі, салихалы амал істеуі жетпіс ізгі адамның ісіне тең». «Салиқалы әйел ізгі амал істемейтін мың еркектен де хайырлы». Алла Елшісінің (саллаллаһу əлейһи уəссалам.) аталмыш хадистерінен ұққанымыздай, жақсы жардың қайырлы болатындығымен бірге нәзік жанды әйел затының отбасы берекесін сақтаудағы өзіндік рөлі мен бала тәрбиелеп, ұрпақ өсіру ісіндегі еңбегінің айрықша екендігі айтпаса да белгілі. Ал қасиетті Құран Кәрімнің Ниса сүресінің 34-аятында әйелдің салиқалдылығы былайша сипатталады: «Ал енді ізгі әйелдер – бой ұсынушылар, күйеулері жоқ кездерде Алланың қамқорлығының арқасында қоруға бұйырылған нәрселерді (абыройын) қорғаушылар».

Ұрпағына кестелі тіркес, аталы сөздерімен мол мирас қалдырып кеткен кешегі көреген де батыр бабаларымыздың бірі Бұхар жырау Қалқаманұлының ер азаматтарға қаратыла, қатаң ескерту есебінде айтылған мына бір өлең жолдарын шабыт шақыра шыққан жай шумақтар демессіз. Бәлки бұл бабаның:

Алтыншы тілек тілеңіз,

Алпыс басты ақ орда,

Ардақтаған аяулың

Күнінде біреуге

Тегіннен-тегін олжа болмасқа, - дегені Әбу Хурайрадан Байхақи риуаят еткен «Сендердің ең жақсыларың әйеліне және қыздарына жақсы қарайтындарың» деген хадистің мағынасымен мәндес болса керек. Бұл дегеніңіз, «ана көріп тон пішер» қыз баланың тәрбиесіне де жіті көңіл бөліп, оның жат қылыққа жол бермей, көрікті әрі көркем мінезді болуға үйрету керектігі. Себебі Табарани жеткізген хадисте: «Барлық балалар мұсылмандыққа бейім болып туылады. Кейін оларды ата-аналары христиан, яһуди және дінсіз етеді» делінеді. Яғни, шыр етіп дүние есігін ашқан періште пейілді нәресте ана құрсағындағы жатқан кезінен жүрек төрінде қалыптасқан Алланың бірлігіне деген кіршіксіз сәби сенімімен бірге туылады.

Ізгі ұрпақтың тәрбиесіне жауапты ананың ар-ұятын артық бағалаған, әйел мәртебесі мен мерейін асырып, қыз баланың құқығын қорғаған Ислам діні оларды сұқ көзге арнап әсіре әдеміленуден, жат арасында еркінсіп жүруден тыяды: «Үйлеріңде отырыңдар, әрі надандық дәуірінде жасанатындай жасанбаңдар» (Әхзаб сүресі, 33-аят).

Кер заманның қасіретін күні бұрын көріп, жырларына өзек етіп, ашына айтып кеткен Мөңке бидің мына бір өлең жолдары да ұяттың өлшемін өзгерек түсінген кей әпке-сіңлілерімізге аз да болса, ой салса екен дейсің:

Кер заманның кезінде су тартылар,

Тана менен топаққа жүк артылар.

Ар-ұяттың бәрінен жұрдай болып,

Қарап тұрған жігітке қыз артылар...

...Тақымдары жалтылдап,

Емшектері салпылдап,

Ұят жағы кем болар,

Сөйткен заман кез болса,

Түзелуі қиын болар.

Ең жақсы әйелдердің жақсы еркектерден де бұрын жәннатқа кіріп, жай табатындығы жайында сүйіншілеген өзі де, сөзі де хақ Тағаланың соңғы елшісі Мұхаммед Мұстафаның  әйгілі хадисінің жалғасында: «Бұл ізгі əйелдер (жəннатқа кірген соң) жуынып, тазаланып, əдеміленіп ең мықты аттарға мініп күйеулерін қарсы алуға шығады. Оның үстінде əшекейлер, жандарында қызметшілері болады, олар жылтыраған меруерттей болады» делінеді. Екі дүниеде де мерейі үстем етілген, табанында жәннат жасырынған, еріне Алланың берген аманаты – ол әже, ана, әпке, сіңлілер, қарындастар мен ару қыздар, әсем де әдемі әйел затына, әрқайсымызға Алла ізгі амалдарды көптеп жүзеге асырушы, Алла Елшісінің сүннетіне амал етуші қайырлы жандардың қатарынан болуды жазсын! Әмин!

 

Indira IzbasqanIndira Izbasqan
9 лет назад 12376
3 комментария
  • Тамаша мақала! Мені көптен бері ойландырып жүрген жайлар қозғалыпты. Қазіргі тойлар масқаралықтың алаңы болып барады. Әйелдеріміз жабыстырып қысқа көйлек киіп,небір оғаш қимылдармен ойын ойнайды,би билейді... Фантазиялары керемет! Не күйеулерінде қызғаныш жоқ. Қандай қоғам боп бара жатырмыз. Бір туысымыздың баласының медальмен мектеп бітірген тойына бардық.Ойындары -бір келіншек бір еркек болып қатар отырып,бір бірінің алқымынан кішкене шариктерди алу керек. Жүрттың бәрі мәз! Келесі ойын- сол ретпен орыннан тұрмай, допты бірінің аяғына бірі түсірмей беру керек.Не деген мәдениетсіздік десеңізші!. Мұсылманға жат, ерсі қылыққа әуес біздің қазақ! Қыздарымыздың қазіргі сыртқы келбеттері-бұзаудыкіндей кірпік,сояудай тырнақ,сары шаш...Не деген талғам жоқтық. Соған кеткен ақшаны айтсаңызшы?! Ысырап. Мінездерінде ибалық,ізеттілік дегеннің ізін көрмейсін.
    Ер адамдарымыз жауапкершілікті ұмытқан.Ертен Алла тағаланың алдында қызы мен әйелі үшін ең бірінші өзі жауап береді ғой.Сондықтан қай жерде болмасақ та имандылықты уағыздап,ата дініміздің дамуына үлес қоса берейікші.Қайда бара жатырмыз деген үрей билейді.
    9 лет назад
  • Дұрыс қосылам. Той ерекше болсын дей ме, әйтеуір әдепсіз ойындар көп ұйымдастырылатын болды қазір. Бұл біріншіден асабаға байланысты, екіншіден той иесіне байланысты. Жалпы біздің көкейімізде жүрген нәрселерді жақсы жеткізіпсіз. Рахмет сізге! Алла разы болсын! Оқыған адам ой түйіп, түзелеріне сенімдімін. Жазарыңыз көбейсін!
    9 лет назад
  • Əмин! Рахмет!!!!
    9 лет назад
О блоге
0
2141 4 20 7 5