Мұсылманға тəн мейіріммен
Мұсылманға тəн мейіріммен

Жақында әлеуметтік желілердің бірінде, қателеспесем фэйсбук болуы керек, ұзақ та емес, шағын ғана бейне, яғни видео көрдім. Таңданысымды әлде тамсанысымды дейін бе, әйтеуір әлгі видеодағы төрт аяқтылардың әрекеттері маған қатты әсер етті. Адамзаттың айнымас досына, қазақтың жеті қазынасының біріне теңелген иттен адам баласына тән осындай жанашырлық пен мейірімді байқап, екі аяқ пен ақылға ие болғанымен бәлкім, иттік тірлік жасап жүрген кей адамдар үшін арландым...

 

Үйдегі итін сынамақ болған иесі үш-төрт жас шамасындағы баласын тілазарлығы үшін тәртіпке салып, ұрмақ болған кейіп танытады. Осылайша анасы аяғындағы сүйретпе аяқ киімімен әлгі баласын ұрмақ болып ұмтылғанда азуы ақсиған кәдуілгі екі ит араға түседі. Баланың шыңғырық даусы шыққан сайын адамдікіне пара-пар жүректері шыдас бермегендей, әлгі екі ит жай ғана ырылдап үргенімен қоймай, анасының қолына жармасып, баланы еш ұрғызбайды. Және бұл жағдай бірнеше рет қайталанады. «Достарының» адалдығына ақыры иланып, көз жеткізген анасы саққұлақтарын сынауын осымен доғарады.

 

Жүректі елжіреткен екі-ақ минуттық дүние, біле білсек, аңдардан ақыл-есімен ажыратылатын адамдар үшін көп ғибрат түйдіреді. Алла ақыл-ес бермесе де, мейірімділік таныта білетін төрт аяқты итекештерді айтпағанда, ой-санаға иелік етуімен дәрежесі барша мақұлықтан да биік тұратын адам баласы одан да бетер мейірімді, қайырымды, ізгілікті сүюші, игі іске еруші болуы тиіс емес пе?! Әсіресе, өзгеге қолымен де, тілімен де залалын келтірмейтін нақ шынайы мұсылманның келбеті кемел болуы керек қой.

 

Сөзімді түсінбеген кейбіреулері: «Қалайша? Исламда тектен-текке, ол аз десеңіз үй ішінде ит асырауға рұқсат жоқ емес пе?» деп даурығатын болар. Мәселенің сыртын ғана көріп, кесу сөзбен кесіп пішпей, ішіне терең үңілсеңіздер екен. Иттің өзі емес, ісі ұнамды болды маған. Әңгімеме арқау еткенім де сондықтан. Ал біз бүгін сол төрт аяқты тіршілік иелеріне, жалғыз ит қана емес, жалпы мына қоршаған табиғатқа, ондағы жан-жануарларға нендей құрмет көрсетіп, қамқорлық танытып жүрміз өзі..?

 

Ес білмейтін жастағы балалардың бәрінің бірдей үйдегі ала мысықты ермек ететіні бар емес пе? Бала күнімде біздің де үйде үрпек жүн бір мысық болатын. Менің есімде жоқ, маған оны кейін анам айтып берді. Сөйтсем, еркелікпен әлгі мысықты ермек еткен мен байғұсты мойнынан қос қолмен қылғындыра ұстап алып, буындыруға сәл-ақ қалады екем. «Қой» деп айтуға тілі жоқ ол анда қашып, мында қашып, әзер құтылады. Бірақ, бір күні бала болсам да, білек күшім қатты батқан болуы керек, сол мысық тура ішімнен тырнақтарымен осып тіліп алыпты. Осылайша сес көрсеткеннен кейін ғана мен «қылғындыруымды» қойыппын. Сенсеңіз, бұны әзіл үшін де емес, әңгіме үшін де емес, бәлкім, әріден үңіліп, ой қылу үшін айтып отырмын. Себебі торғайға тас атып, қызық қуған қара домалақтардың бұзықтығына басу айтып, тәртібін түзер (түзеу тиіс еді дейін бе) үлкендердің қатары да бүгін сиреген. Айтса да, «болмайдымен» бір-ақ бітіреді, тәптіштеп бәрін түсіндіріп жатпайды. Ал қазір білсем, осынау табиғатпен біте қайнасқан адами тіршіліктің тәртібін, оның бүтіндігін де, бірлігін де тұтастай белгілеп берген, бейбітшіліктің өзегі болған исламда – мұның баршасының негізі жатса керек. Ал оны маған анам айтпады...Екі дүниенің сәруары болған ардақты пайғамбарымыз ﷺ: «Барлық тірі жан иесіне жасаған ізгі амалдарыңа сауап жазылады» деді емес пе?! (Бұһари, Мүслім). Ал осыны анасының ауызынан естіп, әкесінің үйреткені деп білген ұл-қыз қанша ерке болса да, зұлымдық жасап, өзге затқа залал көрсетпеген болар еді. Алла тағала Хаж сүресінде: «Сендердің Алладан өзге табынғандарың, барлығы жиылса да, әсте бір шыбын жарата алмайды!» дейді. Рас қой, өздігінен ызыңдауық бір шыбынды да жарата алмайтын пендесі Раббысының өзге жаратылыстарына қалайша қиянат келтірмек?

 

Пайғамбарымыздың ﷺ және бір хадистерінде тілі салақтап, таңдайы кеуіп шөлдеп келе жатқан итке аяқ киіміне құдықтан толтыра су алып беріп, сусынын қандырған жеңіл жүрісті әйелдің сол бір амалы үшін жәннаттық болғаны, ал өзге бір әйелдің мысықты ас-су бермей қамап қойып, жердегі жәндіктерді де теріп жеуіне мұрсат берместен азаптап өлтіргендігі үшін тозаққа лайық болғандығы айтылады. Демек, сауапты іс мынау – мардымсыз, мынау - маңызды деп бөлінбейді. Шынайы мүмин үшін игі амалдың бәрі бірдей қымбат, мейлі ол елеусіз, азғантай ғана бола берсін, бәрібір құнды. Себебі, Алла қай амалымызға разы болып, бізге нендей ісіміз үшін жәннатын бұйыртатынын білмейміз. Және дәл солай сияқты, жұмыр басты пенденің шаңның тозаңындай ғана шалыс басқан бір әрекеті үшін мәңгілік тозақы болуы да бек мүмкін ғой.

 

Ей, Алланың барша жаратылыстан абзал еткен адам баласы! Сіз залал келтірген өзге жаратылыс мына дүниеде тіл бітіп, арызын айта алмаса да, біліңіз, арғы дүниеде ақысын міндетті түрде алады. Оны жай ғана төрт аяқты тумыс демеңіз. Оның да сөйлей алмағанымен, тілім болатын тірі жүрегі бар. Сондықтан бірде-бір жануарға зиян тигізбей, оны себепсіз қорлап, қызық қуу үшін ғана қиянат келтірмеңіз, үркітпеңіз. Аллаға зікір айта алатын қасиеті бар ағаштың да дәл біздікіндей болмаса да, пайғамбарымызды ﷺ сағынып жылағандай өз «жүрегі», өзіндік «жаны» барын ұмытпаңыз. Бұтағын бекерге сындырып, оны да құр қуратпаңыз. Тіршілік атаулыға, қолдан келсе, мейлінше мейірімділік танытыңыз. Мұсылманға тән мейірім, мінезбенен...

 

Индира Ізбасқан.

Indira IzbasqanIndira Izbasqan
8 жыл бұрын 4182
1 пікір
  • Иә, мұндай сорақылық көбейіп жатыр қазір. Өткенде қасқырдың бөлтірігін қинап өлтірген надандар, есектің қодығын ары-бері лақтырып, ойнаған есерсоқ тағысын тағылар... Осы бір жазбалар сондайларға ой салады деген үміттемін....
    8 жыл бұрын
Блог туралы
0
2141 4 20 7 5