Еміс-еміс қана есінде қалған әлгі «сұмдық» көріністен соң әлі есін жия алмай келе жатқан қарт көше арасына отырғызылған көшеттердің бел ортасымен аяңдай басып келеді. Тоқсанға таяса да, таяққа таянбаған қарияның алған бағыты – белгісіз. Әйтеуір әлгінде ғана өзі аптыға шыққан мектептегі мерекелік кештен мейлінше кетуге асықты. Алғашында үйдегі жүгірмек немересінің көңілін қимағандай қам көңілі қайта-қайта жалтақтап, іркіліп біраз тұрды. Себебі дәл осы кешке оны шақырған да қарттың қара шаңырағында өскен он жасар немересі еді...
(Осыдан бірер күн бұрын...)
Кеңестің көзін көрсе де, Құдайына қосақ қоспаған қарияның құлшылығы қашан да түгел-тін. Сәлде ораған басының сәждеге тиіп, бірін де қаза қылмастан бес уақыт намаз оқығанына немересі де талай рет куә болған. Үш-төрт жасында онысына өзі де үйір бөліп, атасына қосылып азан шақыратын, бұрыс та болсын былдыр тілімен қысқа Ықыластың қырағатын қайыратын. Кейде атасының арқасына ат қып мініп алып, сол күйі екеуі қиямға қатар тұрушы еді. Кең көңілі кеюді білмейтін атасы бұнысына пәлендей қабақ та шытпайтын, керісінше, қатты қуанатын. Әкесі мен шешесі ұлына ұрысып жекіп жатса: «Қаршадай ғана балаға ұрысып, не тәйірі?! Екі дүние сәруары болған пайғамбарымыз (саллалаһу әлейһи уәссалам) да немерелері Хасан мен Хусейнді ерекше жақсы көретін. Құлшылығы кезінде құлыншақ көргендей арқасына асылып мініп алса да, олардың өздігінше түсуін күтетін, кейін ғана сәждеден басын көтеріп, намазын ары қарай жалғастыратын. Алланың ардақты елшісінің (саллалаһу әлейһи уәссалам) өзі кішіге мұндай мейірім мен ілтипат танытып жатқанда, қарапайым құлға қабақ шыту жарасады ма екен?! Балаға бекер ұрысқанша, өз міндеріңді түзеп алыңдар», - дейтін атасы. Мұнысы едәуір жасқа жетсе де, Аллаға құлшылық етудің нағыз бақыт екендігінің байыбына бара алмай жүрген ұл-қыздарына тигізіп айтқандағысы ғой. Себебі, үйде ақсақалдан өзгесінің бәрі бейнамаз, немересі ғана атасының тәсбихіне таласып, тілін келтіре тақылдап тәкбір айтатын. Иә, айтатын... Өткен шақта өрілген әңгіме өзгеше өрбіген болатын. Қартқа тұңғыш немере сүйдірген үлкен ұлының өз алдына бөлек үй болып кеткеніне, биыл міне, бақандай бес жыл толды. Мереке күндерінде ғана болмаса, әдетте қыруар жұмыстан қолы әсте боса бермейтін ұлы жағдай сұрап жиі келе бермейді. Үйі де қала орталығынан тым қашықтау жерде: жол кептелісінде жарым сағат тұрып, зорға жетесің. Әйтсе де, әкесін қам еткені ұлының бөлек үй болып кеткені емес, балқаймағың мен бауыр еті баласынан да тәтті көрінген тұңғыш немересінің жыраққа кеткені жанына қатты батты. Алғашында атасын іздеп, жаңа үйді жақтыра қоймаған жүгірмегі жылап жиі келетін. Кейін уақыт өте үйренісіп те кетті. Тәтті тентегінің жоқтығына бірте-бірте бой үйреткен атасы да мереке күндерінде келгенінде мауқын басып, көңілі бір марқайып қалады. Бір өкініштісі, кезінде өзі үйреткендерінің бірі де бүгінде есінде қалмаған Абайы, атын атасы өзі қойған, тым шолжаң болып, есейіп ес кіре ме дегенде есерсоқтығы есіре түскен. Төртінде тәкбір айтқан ол онында онысын да ұмытқан, кезінде өзі қысқа қайыратын Ықыласқа да түк ықыласы жоқ. Табалдырықтан аттай бере, «аталап» арқаға асылғанымен, балғын тілі «Алла» деуді ұмытқан. Жамбасы жайнамазға тиіп, намаз соңынан қол жайып, дұға ететін атасының мұндай кезде маңына да жуымайды. Десе де, қария оны бұнысы үшін жазғырмайды әрине, тек тізгіні тым босаңсыған тәрбиесіне ғана алаңдайды...
Әкесі мен анасына еріп атасын мереке күнімен құттықтауға келген он жасар Абайдың «атама барам» деп аптығуының да өз себебі бар. Мектебіндегі Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылып жатқан мерекелік шараға ұстазы «әкелеріңді не болмаса ағаларыңды шақырыңдар» деп тапсырма берген болатын. Қашан да қауырт толтырылуы тиіс қағаздарға көміліп отыратын әкесінің қолы босамайтынын Абай өте жақсы біледі. Содан болар, есіне дереу атасы түсе кетті. Күні бұрын келуінің мәнісі де міне осы. Алдынан шыққан атасын тарс құшақтап алып ұзақ тұрған ол: «Аташым, ертең менің мектебіме келші, жарай ма? Ата, келесің ғой, иә? Келем деші...» деп қайталай берді. Кеше өзге оқушылардың сабақ арасындағы үзіліс кезінде «мерекеге әкеммен бірге келем», «ағама айтам» деп өзара жарыса айтысып жатқандарын естіген ол өзін тура бір жетім баладай сезініп, тасада тосырайып тұрып қалған еді. «Әкемнің әйтеуір бір жұмысы шығып, қолы босамайтынын айтып ақталатыны анық. Атам ше... ол да келмеймін десе, қайтем». Ішкі ойына іркілген оның жан даусы шығып, кіреберістен атасын көре сала жармасқаны да сондықтан. Сағындырып айда, жылда бір келетін немересінің көңілін қимаған қария көп ойланбастан келісе кетті. Онысы нендей шара, оған кімдер келеді, кеш қайтіп өтеді деп сұрағаны жоқ. Бар ойы – анда-санда бір бас сұғып келетін немересімен көбірек бірге болу. Кеш тәмам болған соң, саябаққа ертіп апарып, серуендетсем, айфон мен айпадқа әбден көңілі алданған бұзығыма жөнге саларлық аталық ақылымды айтсам, оңашада отырып шер тарқата сөйлессем деген еді. Оның үстіне шолжаңдығы шектен шықпаса да, тәрбиесінің жүгенсіз кеткендігі анық байқалған «ақылды» тентегінің үлгерімі туралы ұстаздарынан сұрап, тәрбиесіне бас-көз болғысы келді.
Қорадағы тауықпен таласа тұратын ауыл жұртынан тым өзгерек қала халқы әлі қалың ұйқыда жатыр. Төрт рәкағат таң намазынан соң күн шыққанша тілі зікірде болған қария бұдан кейін жөндеп кірпік те қаққан жоқ. Үйдегілердің оянуын күтіп үнсіз жата берді. Шақалақтай сары баланы, онысымен қоймай өзі беймаза, жуырда ғана дүниеге әкелген келінінің түн ұйқысы төрт бөлінетіндіктен, ұйқысын қандырсын деп бөлмесінен де шықпады. Әйтпесе, атасының аяқ сыбдырын естіген ол амалсыз тұрып, дереу шалға шай беру қамына кірісіп кететінін білді. Сөйтті де, ауық-ауық сағатына қарап, әріден соң әлденелерді ойлап отырып терең кеуде күрсіткен ол уақыттың қалай өткенін де байқамапты. Есікті ақырын ғана қағып, «Ата, шайға жүріңіз» деген келінінің даусынан ғана еріксіз ойы бөлінді. Терезеден тысқа көз салып қараса, күнделікті қам тірлікке кіріскен қала жұрты қалың ұйқысынан ендігі оянып та үлгерген.
Күнделікті әдеті бойынша дастарханды жайнатып жасап қойған келіні мен ұлы ендігі стөл басына жайғасып, қарияның келуін күтіп отыр екен. «Таңғы аста берекет бар» деген атасының айтқан тағылымын берік көңілге түйген олар сәресін ішпей шаруаға кіріспейді. Асқа да атасы келместен қол салмайды, «бісмиллә» деп ас атасы наннан ауыз тиілгеннен кейін ғана кішілері де дәмге қол созып, ас ішуге кіріседі. Үлкеннің ұлағаты ұғындырылып өскен үйде әсте осылай болады, тәртіп пен тәрбиеге де ерекше көңіл бөлінетіні хақ.
Кешегі берген уәдесі бойынша әдемі киімдерін киіп, Абайы оқитын орта мектепке қарай бет алған қарт бүгін тағы да немересімен қауышатындығына қуанышты. Мектептің кіреберісінде тұрған ұстаздардан акт залына барар жолды сұраған ол өзін көре салысымен қос өкпесін қолына ұстап тонадай жерден жүгіре жөнелген немересін алғашында байқамай да қалыпты. Екі езуі құлағына жеткен жүгірмегінің қос бетінен алма-кезек шөлпілдете сүйіп әлек.
- Ата, сіз осында отыра тұрыңыз. Акт залына әзірге кіргізбейді. Мерекелік шараның бағдарламасы осылай. - Сырттай бақылап тұрып, Абайдың атасы екен деп тура топшылап маңына келген мұғалима қыз осылай деді де, кетіп қалды. Атасының келгеніне қатты қуанғандығын бал-бұл жайнаған қос көзі жасыра алмаған немересі: «Ата, мерекелік концерт «мынауский» болады» деп бас бармағын шошайтты. «Мынаускийінің» мағынасын қуанышты жүзінен дәлдеп білген атасы бәрінен бұрын немересінің көңілі көтерілгендігі үшін қуанды. Себебі, қаршадай баланың көңілінің күпті болғандығы «атам алдап кетпеді ме екен» дегендей кіреберісте күтіп жүргенінен-ақ білінген еді.
Әне-міне дегенше, концерттік бағдарлама да басталды. Концертті көруге келген барлық ерлер қауымын, оның ішінде оқушылардың бірінің атасы, бірінің әкесі, көкесі мен ағасы бар, ұстаздар қауымы құрметтеп акт залына кіргізді. Мерекелік сценарийге сай безендірілген акт залының әсемделу үлгісі әу бастан-ақ көңілінен шыға қоймаған қария мұнысына аса мән бере қоймаған еді. Алайда, кейінгі көрініс күдігі сейілмеген көңілін тым қапа етті...
Қазақстан телеарнасынан төрт жыл бойына үздіксіз көрсетіліп келе жатқан «Келін» атты үнді фильмінің көрермендердің көзайымына айналғандығы рас. Әлгі киноны әсте жаратпайтын қария оның ділі де, діні де мүлдем жат қазақ елінде көрсетіліп жатқандығына мүлдем қарсы. Әлімсақтан исі мұсылман қазақ жерінде сиырға табынып, Құдай анасына құлшылық қылған, халқының дені буддизм дініне бет бұрған үнділерге үйір қылатын, ұрпақ тағылымына түк пайдасыз мұндай дүниенің дәріптеліп жатқандығына жүйкесі қозып, қазағының қамсыздығына қарны ашады. Кей шаңырақтың жасы үлкен әжелеріне дейін «Ананди» басталды десе, ішіп отырған асын жерге қойып, төрде теледидары тұрған бөлмеге дүрсе қоя беретінін сан рет естіп, онысын көзбен де көріп жүр. Әйтсе де, исламнан өзге дінге иек артпаған қазағын ата сенімнен мұншалықты адасудан аман деп білетін. Өз елінің дәстүр-жоралғыларынан жирігендей, діні бөлек елдің ділін дәріптеп, салтын насихаттайды дегенді ойға да алмаса керек. Ал баланың басты тәрбие алатын орны – мектепте мұндай сорақылыққа жол берілгендігіне таңданыспен қатар кейіс тудырған қария аузын ашып, абдырап тұрып қалды. Өзгеше бір дүниені ойлап тауып, «аты шықпаған соң, жер өртеуге» бел буған мектеп мұғалімдері мұнысын оғаш қылық деп те ойламаған болуы керек. Үнді киносынан көргенін қайталамақ болған олар қолдарындағы шырақ жағылған ыдыспен мереке иелерін айналшықтап, үсті-бастарын аластап, түптеп жүріп төрге шығарды. Олардың табан астарына түрлі түсті бояуларын шашып, мәнісін де түсінбейтін мәңгүрт бір елдің салтына еріп, қазақта отағасы саналатын ерлерді отқа табындырды. Және онысына өздері жерден жеті қоян тапқандай мәз болып жүр. Залда шырқалып, әуеніне еліткен ән де «Анандидікі». Қазақ елінде, қазақ жерінде жүріп, қазақтың қазақи мерекесін үндіше тойлаған бұл сорақылығы үрдіске айналмаса екен деп қана үркисің! Әлде олар мұнысымен Қасиетті Құранның Хұжрат сүресіндегі «Бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, ұлыстар қылдық» деген аятына амал етпек болды ма екен, әйтеуір, «тану» сөзін тікелей түсініп қалса керек.
Әлгінде ғана өзін акт залына кіруден тосып тіл қатқан мұғалима апай шырақ жағылған ыдысын қолына алып, қарияның қасына келді. Сәлден соң тағы да үндіше әзірленіп, темір табаққа төңкерілген шағын ыдыстардан дәм татуын ұсынды. Маңдайына қызылдан мөр басып, ұзын етек кигенімен, үндіше кіндігін ашып жүрген жас қыздың ақылсыздығынан бұрын, тоқсанға таяған қария тақия киген таз басының мұндай масқараға куә болғандығына іштей жиіркенді. Мереке жалғасының мұнан да сорақы жайтқа ұласуынан сескенген ол ләм-мим деместен шығып кетті. Алғашында жоқтығын байқамағанымен, кейін «аталап» артынан қуған немересіне де бұрылып қарамады.
Ұзына бойы көшеттер отырғызылған, шамасы шағын саяжол (аллея) болуы тиіс, жолдың бір шетіндегі ағаш орындыққа отыра кеткен қарттың көңілі түсіңкі. Әжім торлаған қатпар-қатпар беті одан бетер тұнжырайып, көздері де қоңыр күздің күніндей тым күңіреңіп кеткен. Баладан бетер қуанып, қария басымен аптығып, асығып келгенінде мына көрініс көңілін құдды су сепкендей басты. Бала тәрбиесіне бас-көз болуға міндетті мұғалімдердің әуселі анау, «қатырдық» деп жүр. Осылайша ішкі ойымен арпалысып отырған қарияның қасына ентіге жүгіріп келген немересі атасының мұндай қылығының мәнісін түсінбей әлек. «Алғашында бәрі де дұрыс еді ғой, не болып қалды екен?!» деп, балалық беймаза көңілі тыным бермегенімен, атасына әлдене деп тіл қатуға беттер емес. Біраз үнсіздіктен кейін ғана есін жиып, өз-өзіне келе бастағандай болған атасы басын көтеріп, томсырайып отырған немересіне қарап, былай деп тіл қатты:
- Қоқалайым (ес білмейтін кішкентай кезінде атасы немересін осылай деп еркелетін), атыңды азан шақырып, Абай деп қойғанымның себебі неде, білемісің?
- Абайлап жүрсін бе деп пе? (Атасы жымиды). Өзің айтшы, ата.
- Құнанбайдың ұлы Абай – қазақтың ұлы ақыны болады, балам.
- Әәә, енді есіме түсті, ата! Ибрагим ғой, шын аты – Ибрагим Құнанбаев қой?! Ана тілінен ақынның өлеңдерін жаттаған болатынбыз, енді ғана есіме түсіп отыр. Сіздің соңыңыздан жүгірем деп, сасып қалдым ғой...
- Е-еее, онысын дұрыс айттың балам. Азан шақырылып қойылған аты – Ибрагим, Ибрагим (әлейһиссалам) пайғамбардың аты. Пайғамбардай дініне берік, Аллаға деген хақ сенімінен жаңылмастай тақуа әрі білімді болуын ниет етіп, есімін солай деп қойған болса керек. Балаға ат қойған кезде есімнің мағынасына мән артқан дұрыс болады, қарғам.
- Ал сіз менің Ибрагимдей ұлы ақын болуымды қалап атымды Абай қойдыңыз ба, ата?
- Ең әуелі, адам болсын деп, халқына ұлағатын ұқтырған ұлы Абайға атың да, затың да сай болсын, кемеңгер кісінің кестелі сөздерін көкірекке түйіп өссін деп атыңды Абай қойған едім. Абай Құнанбаев атаң жай ғана ақын емес, қазақ атын әлемге танытқан ұлық та дара тұлға болған жан. Қазақтың тектілігін жастайынан бойына сіңіріп өскен оны анасы Ұлжан дәретсіз емізген емес. Бала кезінен әжесі Зеренің ертегілерін тыңдап, қазақтың қара байыр сөздерімен бірге қасиеттілігіне қанық болып өскен оның әкесі Құнанбай ұлының Құран жаттап, діни сауат ашуына қатты мән берген. Зеректігімен, алғырлығымен ерекшеленген Абай атаң ақын болсын, адам болсын, ең әуелі Алласын тани білді. Ал Алланы таныған адамның мына жалған фәниде адасуы әсте, мүмкін емес, балам. Он төрт ғасырдан бері исламдай ата дінін ардақтап, мұсылман шариғаты мен көшпелі қазақ салтының далалық дәстүрін бір арнаға тоғыстырып, ұтқыр ұштастыра білген қазақ қай елдің баласын болмасын бауырындай көріп, шаңырағына кім келсе де, қонақжайлылықпен күтіп, кеңдік танытып келген халық. Алайда, ата дінін өзге сенімге айырбастап, Алланың хақ жолынан қалыс кеткен емес. Қазақтың сан ғасырлардан бері қалыптасқан ұлттық тәрбиесінің бір өзегі де осы дінмен ұштасып жатыр. «Тілін білмеген тіленіп, дінін білмеген күйініп, елін білмеген күйзеліп өледі» дейтін халық даналығы және бар. Өзге елдің тәрбиесі мен тағылымының жаныңа рухани азық бермейтінін біл балам, себебі сенің бойыңда қазаққа тән қасиеттілік бар, бабаларыңның жеті атаға дейін қыз алыспаған тектілігі мен тазалығы, туралығы жатыр деп білгейсің.
Атасының ұлағатын тыңдап, сөздерінің сарасын ұққандай болған бала Абай ұстаздарының әлгіндегідей қылықтары үшін ұялып, үнсіз отырып қалды...
Тобықтай түйін
Кең жазық қазақ даласының шалғай бір ауылында орын алған бұл оқиға желісі ойдан шығарылған жоқ, айна-қатесіз қайталанды деуге де келмейді. Десе де әңгіменің ең сорақы тұсы шын суреттелді. Сіз ұл-қызыңыздың тәрбиесін сеніп тапсырып отырған кей ұстаздың бүгінгі сиқы осындай: ұлттық тәрбиені ұлықтамақ былай тұрсын, үйретемін деп, күйретіп жүр.
Бүгінгі бала – елдің ертеңі екендігін ескерсек, бала тәрбиесіне баса мән артып, ұрпаққа ұлағат үйретуді бүгіннен қолға алу керек. Күндіз-түні перзентіміздің қамы деп жұмысбастылықты желеу еткен біз ұл-қызымыз бен үйіміз үшін үнемдей алмаған уақытты үйден тыс жерге үйіп-төгуге неге үйірміз осы? «Асылды алыстан іздеймін» деп, қолда бар алтынымыздан ажырап қалмайық. Балаңызға сіз тәрбие бермесеңіз, ол оны «тәрбиешісі» көп көшеден, ғибраты аз ғаламтордан немесе ата дінімізге жат ағымдардан алады. Ал ұлттық тәрбиені бойға сіңіріп өсудің орнына азаннан қара кешке дейін смартфоннан «сусындап», жарты өмірін визуалды әлемде өткізетін жастардың ел ертеңін ойлар ер-азамат болып ержетуі екіталай? Балаға ақ-қараны ажыратып, дұрысын бағыттаушы ұстаздың өзі үйірге табынған үндінің қисынсыз дәстүрлерін тыққыштап жатса, жастың да жақсыдан жаңылары анық. Себебі ұлттық тәрбиеге негізделген білім ғана ұлтжандылықты өсіріп, ұждандылыққа үйретеді.